Іздеу

ЕЛ ҚОРҒАНЫ

Бір перделі пъеса

Қатынасушылар:

О р а з - еті тірі кедей

Ә б і ш - о да кедей, ел кегін қуушы

О қ ы ғ а н жігіт

Б а й б е к - бай

Құрмаш-16-17 жасар кедей баласы

Д о м б а й - қазаншы қара малай

Көпжасар - кедей

Қорабай- ауыл жігіті

Қ а с е н - орташа, о да ауыл жігіті

Командир

Би

Б о л ы с

1-бай

2-бай

1 -ақсақал

2-ақсақал

1-әпесер

2-әпесер

 

1 -салдат

2-салдат

3-салдат

Ақсақалдар, жастар, байлар, кедейлер, ауыл адамдары, солдаттар.

Бірінші көрініс

1-а қ с а қ а л (еңкейіп, орта кездегі жуан байға қарап) Бай жұмысының бетін білдіңіздер ме? Неге шақырған екен?

1-б а й (тыржиып). Біле алмадық. Тағы шы-ғын жинайтын шығар. Қай бір жақсы хабарға жүр дейсіз?

2-б а й қоздайтын қойша ыңыранып, күшеніп қояды.

1-а қ с а қ а л (даусын созып). Е-е, сүйтпей, тағы не қылар дейсің... Ей, жасаған алла-ай!.. Елді құртпаса не ғылсын?..

2-а қ с а қ а л (биге қарап). Би, сіздің ауыл да шығындап қалды деді ме?

Б и. Шығындады. Әйтеуір кісі аман, мал мен мұкамбалды шауып кетті.

 

1-ақсақал. Құдай сақтасын! Ел рәсуа болды ғой. Тек артының қайырың тілеген болмаса, қолдан келер түк жоқ.

2-ақсақал. Бұл иттердің өзі неткен көп! Соғысып қырылып жатса да, таусылар емес қой!

1-ақсақал Бұл кәпір - екен жұрт! Қытайдан соңғы көп жұрт осы шығар. Кеше Шыңғысқа бой бермеген орыс емес пе?

2-ақсақал (басын изеп). Солай енді, солай!

Б и (байға қарап). Бұл келген кім екен? Қай ел екен?

1 -б а й. Өзіміздің кіші жүз болса керек. Би. Үлкен кісі ме екен?

2-1 -б а й. Жас жігіт болса керек.

Би. Бұл жастар ел билеп не оңдырады?

1 - а қ с а қ а л (даусын созып). Не оңдырушы еді? Заманақырдың белгісі де. Жарықтық Мөңке би болжап кетті ғой.

Жас баладан биік болар,

Жас балшықтан үйің болар.

 

Ат жақсысы арбада болар,

Жігіт жақсысы саудада болар, -депті ғой өтерінде. (Қасындағыларға). Сол айтқанының бәрі келген жоқ па?

Бай, би, ақсақал (басын изеп). Рас айтасыз, әулие ғой олар.

Екінші көрініс

Милиционер (қолында мылтығы бар, адыраңдап есіктен шыға келеді). Ти-ші! (Жұрт тымағын жөндеп киіп, қымтырылып, жөнделіп, басын көтерісіп, есікке аңтарыла қарайды.)

О қ ы ғ а н жігіт (киімі орысша,қасына болысты ертіп есіктен шығады). Ассалау-мәле-е-йкүм!

Ақсақалдар (көздерінің қырымен қарап). Уәлік сәлем.

О қ ы ғ а н (устел басына келіп, түрекеліп тұрады. Сол жағынан екі қолын қамзолының қалтасына салып, жұртқа қарап айбаттанып, болыс келіп тұрады.) Е, қауым! Мәжілістеріңіз қайырлы болсын!

Ақсақалдар. Аумин! Бірге болсын!

Төменгілер. Айтқаның келсін! (Деп шу етеді).

О қ ы ғ а н (тамағын бір ұстап, кенеп алып бастайды). Әлеумет, мен сіздерге гүбірнеден келіп отырмын. Ел-елге жүріп айтпақ сөзім бар. Алғашқы көріп отырғаным сіздің ел. Енді сіздерге келген жұмысымды баяндайын.

Ж ұ р т. Баяндаңыз. айтыңыз!

О қ ы ғ а н (тамағын тағы бір кенеп). Өздерініз де естіп жатқан шығарсыздар, кешегі қанішер жауыз.Некалайды құлатқаннан кейін үкіметті «есерлер» қолына алған. Кешегі Кереніский сол есер болатын. Ол есерлер бұл күнде құлады...

Төменгі біреу (сөзін бөліп). Есердің құлағаны жақсы. Естілері билесін!

Қасындағы біреу (оны түртіп). Қоя тұр, сөзді бөлмей!

О қ ы ғ а н. Енді үкіметті балшабек партиясы қолға алып отыр.

1-ақсақал. Әлгі қызылымыз қайсы? Ағымыз қайсы?

О қ ы ғ а н (ақсақалға қарап). «Қызыл» деп сол балшабектерді айтамыз. «Ақ» деп патшашылдарды айтамыз. Осы күні Ресейді қызылдар билеп отыр. Қызылдар - төңкерісшіл партия. Бұлар жұмысшыларды қолдайды. Біз сияқты кемдікте, қорлықта жүрген ұлттарға теңдік береді. Бұлар өздеріңдей қара бұқараның, қара шаруаның, әсіресе, кедейдің қамқоры. Бұлар алдымен жарлыны, жалшыны жарылқамақ, елді соларға билетпек...

Ақсақал байлар (теріс қарап). Оңдырады екен.

Кедейлер (мойнын созып, жаурынын қимылдатып). Е-е-е...

О қ ы ғ а н (тоқтамай сөйлей береді). Қызылдар Ресейді түгел өздеріне қаратып алды. Сібірге қашқан ақтарды түре қуып, күн сайын үлкен қалаларды алып жатыр. Ақтың әскері еріген қардай тозып, жауынгер қызыл әскердің дүмпуіне шыдамай, қашып жатыр.

Бірақ тек кетіп жатқан жоқ. Қазақтың кең даласын басып, жолындағы елді

қырып-жойып, талап, бүлдіріп бара жатыр. Одан-бұдан қашқан-босқан ақтың әпесері, өңкей соғылғандарды ертіп алып, ел шауып, банды болып жүр. Өздеріңіз де көріп отырсыздар, осы күнде мал-жанға иеміз деп айта аласыздар ма?

Б и. Мылтығын кеудеге тіреп тұрған соң. қайдан ис боласың?

О қ ы ғ а н. Бұл қалыпта ел-ел болмайды, қазақ сықылды қарусыз, қамсыз, әлсіз ел, әскердің аяғы астында тапталып, жоғалып кетуге мүмкін.

1-б а й. Әлгі Алашордамыздың әскері қайда жүр? Алашордамыз бар ма?

О қ ы ғ а н. Алашорда азаматтары қашып кетті, әскері тарап кетті. Енді Алашордадан қайран жоқ.

1-б а й. Неге? Алашқа аптономия аламыз, өз алдымызға жұрт боламыз дейтін содар емес пе еді? Өздерің қазаққа не пайда келтірмексіңдер?

Оқыған. Біз де қазаққа аптономия алу жолындамыз. Бірақ біздің көздегеніміз - байлардың аптономиясы емес, елді кедейге билететін аптономияны алмақпыз. Алашорданың басындағы, бұрын патшаға қызмет қылған төрелер, ақсүйектер, ескі оқығандар болатын. Олар саясат білмеді, төңкерістің бағытын болжай алмады, олар адасты. Адасқандығын кейбіреулері жаңа білді, енді бізге қосылып жатқандары да бар. Ахмет Байтұрсыновты естулеріңіз бар шығар?

Ақсақалдар (басын көтеріп). Бар. О кісі қайда?

О қ ы ғ а н. О кісі қазақтың аптономиясын алуға Мәскеуге барды.

Ақсақалдар. Өй, жарықтық-ай!

О қ ы ғ а н. О кісі қазаққа пайдалы өкімет осы, балшабек өкіметі деп кеңес жұмысына араласты.

Үлкендер (таңдана). Сүйтті ме?

О қ ы ғ а н. Балшабек жолы қазаққа зиянды болса, Ахмет оларға қосылмас еді.

 

1-ақсақал. Ой, балам, тоқтай тұр! Әлі байдың малын тартып алатын, екі еркекке бір қатын әперетін, намаз оқытпайтын, құдайды білмейтін, мешітке ат қамайтын балшабайың осы ма, басқа ма?

О қ ы ғ а н (аз кідіріп, маңдайын, бет аузын сипап). Ақсақал оның бәрі бекер, өсек сөз, бұл ақтардың елге жайып жүрген лақабы.

1- а қ с а қ а л. Е, біз қайдан білейік? Қойныңдағы қатыныңа ие қылмаса, оның қазаққа не пайдасы бар? Балшабайыңның оқығанын әлі көзіміз көрген жоқ; жалғыз-жарым келгені қырып жібере жаздайды.

О қ ы ғ а н. Елге қатаң тиетіндері де бар шығар, жоқ деп айта алмаймын. Көптің ішінен не шықпайды? Аласапыран төңкеріс заманы, мұндайда лай судан балық аулайтындар да боялып, балшабек болып жүр. Оның бәрін бір күнде екшеп алып тастауға қол тимей жатыр. Ондай жолсыздық істейтін жергілікті

балшабектер, тәртіпті қызыл әскер елге зәбірін тигізбейді.

А қ с а қ а л. Қайдан білейік? Бірінен-бірі өтеді, бізге сары орыстың бәрі орыс. Тәртіптісінің қайда жүргенін қайдан білейік? Бізге келгені әйтеуір қырып кете жаздайды. Әне, келіп қалды, міне келіп қалды!- деп, бір аяқ асымызды жөнділікпен ішуден қалдық...

О қ ы ғ а н. Бұл дәуір - төңкеріс, алай-түлей дәуір. Бұл дәуір өтеді, бұл қалыппен тұрмайды. Елге тәртіп, тыныштық орнайды. Оған дейін қырғын-сүргіннен құтыла алмайсыздар. Сол тыныштық заманға тезірек жетуге қам қылу керек. Бүгінге шейін елдің мал-мүлкі талауда, адамы атылуда келе жатыр. Қазақ не онда, не мұнда жоқ, қосақ арасында бос кетіп отыр. Қайткенде шығыннан толас боласыздар? Мал-жанға қайтсеңіздер ие боласыз? Басымызға келіп тұрған үлкен мәселе, зор ауыртпалық осы. Апаттан аздап болса да аман қалуға қандай лаж бар?

 

"Ел қорғаны" пьесасының толық нұсқасын сақтау
 
Асыл сөздер
imageimageimageimageimageimage
Кітаптары
Театр