Іздеу

Елес

Қолымда қалам. Алдымда қағаз... Ел ұйқыда. Мен ояу. Отырмын. Екіні, үшті соқты... әлі отырмын. "Переброскеге" ұшырған Н. жолдасшылап ойым байыз таппайды, бірден бірге көшеді. Ол маған счет емес, жарылып кетсем де бір мақала жазуым керек. Аймақтық жастар комитеті екі күннің ішінде жазып тапсыруға мойныма бір мақаланы артқан...

Басым сынып барады. Сынбай қайтсін, "Масленкенің" шелпегін жеймін деп бір жолдастың үйінде отырып қалып, "бозжорғаны" айдаңқырып жібергенмін... Қаламымды шықырлатып, қайта-қайта маламын... келмейді. Жер ошаққа аяғын тығып алған боташа қаламымды сілке түсемін... Әлі түк жоқ. Ерсілі-қарсылы уқалап, жын соққан торғай бастандырып, шашымды да дудыраттым. О да түкке сеп болмады.

Бар бітіргенім алабота жаққан ауылша, тұмсығымнан түтінді гу-гуімен шығарып,

бықсыта беремін. Үйдің іші алай-түлей сасық тұман. Басым да тұман. Қазынаны жеп, жазаға тартылған завхоздан жаман ұнжырғам түсті, сұрым қашты, ыза болдым. Сол кезде ойым көзіме көрінетін зат болса, дереу "Саботажник!", "Контр" деп жағасынан алғандай едім. Әттең, қолыма түспеді.

Үстелге шынтақтап, басымды тіреніп отырмын. Талдым білем: көзім бұлдырап қалған тәрізді болдым. Бірдеңе қараң етті. Сөйткенше болмады, кеудесі портфель қолтықтап, автомобиль мінген комиссардың кеудесіндей кердеңдеп басып, бір жігіт сап ете түсті. Таң-тамашамын. Есік ашылғандай болған жоқ еді. "Бұ қайдан келіп қалды?" деймін. Алды-артыма қаратқан жоқ, ежелден таныс жолдасымдай:

- Е, жолдас не жазып отырсың? – деді.

Сасып қалдым. Әйтсе де сыр білдіргім келмеді. Жөпшенді кісіге өзім де бой бермейтін жігітпін. Газет-журналға бір-екі сөз

басылса, "жазушы", "ақын" екенмін деп, өзіне-өзі ден қойып алатын омырау жігіттер аз ба? Сондай будан мен де сау кісі емеспін, неғып бола қояйын? Сондықтан ақша мекемесінің билеушісі сияқтапып ызбарланып:

– Сізге не керек? – дедім.

– Іріленбе, іріленбе. Түні бойы түк жаза алмай отырып, қатқаныңның басына көкимісің, - деді.

– Жазам ба? Жазбаймын ба? Онда сіздің жұмысыңыз жоқ... Менің жазуымды тергейтін сіз емес, жорналшылар, – деп сырт бердім. Одан жаман әкіреңдеді.

– Танымасаң, танытармын. Одан да шыныңды айт!

– Өзің қалай өкім сөйлейсің? Өзің кімсің? Партийный билетің бар ма? – деп қоқан-лоққыға салдым. Айылын да жиған жоқ, сықақ қылған кісіше, мырс етті:

– Ей, байғұс, билетіңді ұстап қоқиланғың

келді ме? Сонша қоқиланғандаи қанша білімің бар? Қандай тұтынған жолың бар?

– Жолым бар. Жолсыз жүрген сендерден сақтасын!

– Олай болса жолыңды айтшы, тыңдайын.

– Менің жолым – төңкеріс жолы.

– Ә, төңкеріс жазушысы екенсің ғой?

– Иә.

– Менің де көп қарастырып жүрген мәселем осы еді. Төңкеріс ақының жолықтыра алмай жүр едім: жақсы келдің ғой. Олай болса әңгімелесейік, пікір алысайық, әлде бір-бірімізден пайдаланып қалармыз, – деді.

Құлағыма жағып кетті. Сөзі де әрі жатық, әрі жат көрінді. Магнит қуаты бардай-ақ, сөйлеген сайын ұйытып, бойымды балқытып әкетті. Манағыдай емес, түсімді жылытып, орындық ұсындым, отырдық.

– Дұрыс, мен де кісі таба алмай жүр едім. Жақсы! Сөйлесейік, – дедім. Ол бастады:

– Ендеше, төңкерістен бері не жазып

жүрсіңдер? Әуелі маған соны айтсаң екен.

– Біз бе? Біз төңкерістің берген бостандығын, теңдігін жазамыз. Төңкеріс жолында құрбан болған ерлерді өлең қыламыз. Ортақшылдар жолын, Кенес өкіметін жақтаймыз...

– Тағы да.

– Тағы да еңбекшілерді тап күресіне шақырамыз; әйелдер теңдігіне арнап жазамыз. Жастарды оятамыз, жұртты оқуға үндейміз. Байды, жуан жұдырықты түйрейміз...

– Тағы да.

– Тағы несі болады? Ескі молдаларға, дінге, ескі әдет-ғұрыпқа қарсы сөздер де жазылады. Міне, осы тәрізді.

– Төңкерістен бері неше жыл өтті?

– Алты жыл өтіп, жетіншіге аяқ басып отырмыз.

– Содан бері қақсап келе жатқан жарапазандарың осы ғой?

– Енді нені жазу керек?

– Міне, сендердің төңкерісті ұқпағандықтарың.

Күнде айғай, күнде даурық, желдеткен қара боран сөз мезі қылғандай болған жоқ па? Құрғақ сөзден жалықсаңдаршы! Енді бір өмірге, тұрмысқа келетін сөз жасаңдаршы! "Біздер – жастар – көппіз, жұлдызбыз, арыстанбыз, батырмыз, қорықпаймыз, жаншып таптап кетеміз, жанып тұрған отпыз, жалынбыз, біз қоймаймыз, біз кенелтеміз, біз қарық қыламыз..." дей бергеннен не тамады? Мұның бәрі ет пен терінің арасындағы жел емес пе? Төңкерісті жазғанда осылай жаза ма екен? Осыдан бөтен жазатындарың бар ма?

– Неге болмасын? Бар. Әркім әртүрлі жазады, – деуім мұң-ақ екен, бастыр малатып соға жөнелді:

– Басқа әдебиетшілердің сөзін көрмей жүрмін бе? Кімді айтасың? Олар не жазып жүр? Біреу "Асан Қайғы", "Шортанбай" болып қазақтың ертегідей өткен күнін жырлап, "зар замандатып" жүр. Өткенді қайтару, өлгенді тірілту кімнің қолынан келмекші? Тарих өзенін

кейін ағызатын қандай "әулие?" Қай құдай?! Бұ күннен түңіліп, өткенді көксеп, мәдениеттен қашырған қайдан шыққан пайғамбар? Қазақтың қай досы?

Біреудің жаңашыл болғанның жөні осы деп ескі әдебиетті отқа өртеу керек деп жүрсіңдер, ескі әдебиетті, ескі мәдениетті отқа өртеп, енеден данышпан, енеден еңбекшіл болып туған кім бар еді? Киімшең туған қандай ұл?

Ескі әдебиет, ескі мәдениет байдікі, патшанікі екен. Оларды жоялық. Берші кәне, жаңа әдебиетіңді, жаңа өнегеңді! Осыны айтатын ақындар кімнің әдебиетімен суғарылып, жаңашыл бола қалды екен? Алдында әлеумет ғылымын, тұрмыс жүйесін табиғат заңдарын, жан- жануарлар жаралысын зерттеген бай мәдениетінің ғалымдары болмаса, Маркс шығар ма еді? Маркссыз Ленин туар ма еді? Жаңағы ескі сабақ, жаңағы ескі баспалдақ емес пе?

Біреуің қызбен жүргеніңді,

гуляйт салғаныңды, мықынынан ұстағаныңды жазып жүрсің, енді бірін не онда, не мұнда жоқ, қояннан көз жазып қалған тазыдай, арсалаңдап жүрсің. Тағы біреуің көрінгенге "Жалпақшеше" көрінгелі түлкіше құйрығыңды бұлғаңдатып жүрсің. Енді біріңнің орысты қазаққа, қазақты орысқа шағыстырып сенім алмақ, ақын аталмақ ойың бар. Тағы біреуің ойын жасырып, бойын жасырып, жат елдің жазушыларын аударып талшық етудесің. Сендерде мұрат бар ма? Бағыт бар ма? Жүрек бар ма? Бүгін – идеалист, ертең – материалист, бүгін – реалист, ертең – символист, бүрсігіні — футурист, тағы бірдеме "ист", әйтпесе әрқайсысынан бір шөкім. Ақындықты, жазушылықты сауысқанға айырбастап, неден мұнша адастыңдар! Күндік күніңе, өшті-қасты кегіңе, әлде күншілдігіңе бола елдің айнасы – әдебиетті ұрыс-керіске, боқауызға айналдырдыңдар. Келешектен ұялсаңдаршы! Күйіп кеттім ғой, шыдай

алмадым ғой! Айтпайын десем де, қоймадыңдар ғой, түге, азып туған мұндарлар! – деп тұра жөнелді.

Милициядан қорыққан жуанға ұсап, көзім шарасынан шықты. Қуып жетіп ұстай алмадым:

— Тоқтаңыз, жолдас! Қайырылыңыз! Не қыл дейсіз? Айтқаныңызды істейік. Жазбайық деп жүргеніміз жоқ. Қол тимейді. Күнде қызмет, мәжіліс, дәріс, театр, суретке түсу, қызбен жүру, тағы, анау-мынаудан мұршамыз келмейді.

Артына қасқырша қарап тұрды да, қайта оралды. Тағы сөйледі. Мен аузымды ашып, көзімді жұмып тыңдадым да отырдым. Ол айта берді:

— Жазушы кім? Ақын кім? Білесің бе? Олар – заманның айнасы. Елдің тұрмысын, өмірін, тілегін арманын әдебиет айнасына түсіретін солар. Оны көрсе оны сақ, мұны көрсе мұны сақ болып қазаққа ұғымсыз не болса соған

еліктемей, шын өмірді, деректі өмірді неге жазбайсыңдар? Төңкерістен бері қазақ елінің басынан қандай күндер өтпеді? Қазақ даласын көмірдей басып ақтар өтті. Қазақ даласындағы соғыс майданы ашылды. Мұның бәрі қандай із қалдырды? Осыларды қайсың жаздың?

Кеңес үкіметі орнады. Разберске, продналок, көлік, адам салығы түсті. Елде мелитсе, агнет, инструктор, отряд қаптады. Ел не күйге түсті? Әуелгі кезде партияға тонын айналдырып талайлар кірді. Олар түрлі қызметпен, сайлау жұмысымен ел аралады. Сауатсыздықты жоятын дүмше мұғалімдер тарады. Олар елге не пайда, не зиян келтірді?

Қазақ жұтқа, ашаршылыққа ұшырады. Оның ауыртпалығы, өлімі, шығыны, қайғысы, зардабы қандайлық болды?

Төңкерістің жақсы жақтары, еңбекшілер қожалығы, сот, оқу, мектеп, әйел теңдігі, жер алу, қала салу, кедей баласы оқуға ұмтылу,

жұмысшылар, ортақшылар, жастар ұйымдары, жетімханалар ашылуы, олардың ісі – міне, осыларды келістіріп суреттеген жазушылар бар ма?

Қазақтан төңкеріс үшін алысқан, жан қиған ерлер болды ма? Болса, олардың өмірі немен өтті? Төңкеріс жағына шыққан азаматтардың кімі не істеді? Ортақшылдар мен боямалардың айырмасы неден көрінеді?

Ұлтшылдар, ортақшылдардың кесірі қандай болады? Бұларды қозғаған жазушы болды ма? Бүгінгі шенқұмарлық, кеңсешілдік, ата-ру намысы, губерне намысы, орынға таласу, топтасу, жіктесі қандай күйде? Кім не үшін күресіп жүр? Бұларды жазуға тісі батқан жазушы шықты ма?

Осылардың әрбірі бір әңгіме, бір роман болуға жарамай ма? Төңкеріс жазушысы, төңкеріс ақыны болсаңдар, осыны неге жазбайсыңдар? Төңкерістің мақсатын түгел жаза алмаған соң, жазушымын деп не керек?

Осынша соны, осынша бай әңгімелер жатқанда, сөз таба алмай саңдалып, "Қара боранға", "Зар-заманға", "Асық жарға", "Қайғы-зарға" салынатын не бар? Қандай уақ нәрлерден құралып, төңкеріс жемісі көрінбей ме?

Өткен жаз бір кедей шәкірт елге барып, өзіндей жиырма кедей баласын әкеліп, оқуға түсіріп отыр. Бұл теңдікті кедей баласы қашан алып еді? Әне, сенің өз еліңде пароходта жүк көтеріп, жер астында көмір қазып жүрген талай жұмысшылар исполком болып отырғанын көрмейсің бе?

Мелшиіп не дерімді білмедім. Тесірейе қарап тепсініп:

— Жазасың ба? – деп алтыатарын суырып алды.

— Ша...м...мам... келмейді ғой, жолдас!

— Ендеше, жазғаныңды қоясың ба? – деп ақырып, мылтығын кезеніп кеудеме тақады.

— Қояйын... қояйын... – дедім.

Басып жібере ме деп бойым шімірігіп, селк етіп көзімді жұмып қалдым.

Әлден соң көзімді ашсам – түк жоқ. Баяғы үстелім басында шынтақтап отыр екенмін.

 

"Елес" әңгімесінің толық нұсқасын сақтау
 
Асыл сөздер
imageimageimageimageimageimage
Кітаптары
Театр