Іздеу

ЖҮСІПБЕК АЙМАУЫТОВ – АУДАРМАШЫ

ПӘРЕНЖІ (ПЕРДЕ) ЕРТЕГІСІ

(Асылы орысшадан)

 

Қызыл таңдағы да, ымырты да, аласәулесі де жоқ, "келе жатырмын" деместен, соғыс жарияламастан қара түн келді де, жарық күнді жағасынан алып ұрды.

Тек қоңыр салқын арықтың ақырын сыбдыр қаққаны болмаса, төңірек құлаққа ұрған танадай мелшиді.

Әлдеқайда бір бармақ домбыраны дыңғырлатқан болады; домбыра арыққа ән қосады, адамның жаны ол әнге неғып сыйсын...

Жүз-жүзден жылдар теңдеген Самарқанның салауатты мешіттері жалбарғандай қолдарын көкке ұсынуда. Шаһ зынданының арқалығы аспандай иіліп, үңіреюде. Адам қолымен жасап келтіре алмайтын Бибі ханым мұнарасының тамтығы мұңайып, мүлгуде.

Бибі ханым Ақсак Темірдің қатыны деп қариялар да қауесет етеді. Өтірік-расын кім біледі. Бірақ ажал қайда болса, Ақсақ Темір сонда болды деседі. Өйткені, ұлы ажал долы Темірдің ғана қолынан келген ғой.

Алыстан ат өктеп, аптығып келген азамат масаты шатырға кіріп, тәжім етіп, иран патшасы еркімен бағынатын емес деп хабар бергенде Темірдің қылжыр, қыли көзі нажағайдай жарқ етті де, қабағы жауар күндей түйіліп кетті. Таң атысымен ат жалына ұмтылған, қорамсақтарынан сарбас түксиген орданың сансыз қолы ұшы-қиыры жоқ даланың соны шөбін жапырып, жосылтып, сеңдей ағылды. Самархан аңырады. Қасында топты күң-нөкер Бибі ханым масаты шатырдың саясында шөптің сыбдырына, қасқырдың ұлуына құлақ салып, атлас төсекте төңбекшіп, таңды таңға ұрды. Бибі ханым қорықты дейсіздер ме? Неден қорқады? Темірді жан жеңіп көрген жоқ, оның болат

жүрегінен өтетін садақты әлі бір ұста жасаған жоқ.

Күндерден күн өтті. Өткен сайын көзінен от кетіп, қабағын шытып, ернін еміре тістеп, Бибі ханым есалаң адамша кілем үстінде сендел қақты. Ақсақ Темір әлдебіреуді сүйіп қоя ма деп, түн баласында кірпігі айқаспайды. Аузына тілі сыймай, келе ұшып жығылған шабарман иран жұртын Темір жеңді деп хабар бергенде Бибі ханым асыл білезігін атып тастады, ханның асау аптығын жалғыз өзі иемденуге Алладан жәрдем тіледі; Аллаға ісім жақсын деп, хан келгенше мешіт салдырмақ болды. Ондай сұлу мешіт жер жүзінде болмау керек қой.

Жұрттан асқан шеберді іздеткенде ханның бір бегі тұтқын арабты жіберді.
Тал бойында бір міні жоқ, сүйріктей қара торы жігіт шатырға кіріп келіп, іркілмей бас иді.

Бибі ханым:

- Сен меіміт саласың, – деді.

- Құп болады. Сұлудан өзгені өзім де салған емен.

- Сен ер екенсің, өнерің де ерлігіңдей болса, сені азат етемін.

- Әкемді жақында құшады екем ғой.

- Жақсылап жасай алмасаң, әкең өзіңді емес, басыңды құшар, – деп ханым кекей жымиды.

Шебер ләм деген жоқ, иығын бір қысып, шығып кетті.

Содан былай, таң атқан сайын Бибі ханымның көзі мешітке қарап, мешіт емес-ау, бақыт сұрап, тастан соқтырған дуасына қарап оянар еді. Үйткені, бейнеусіз тас пен балшық ертегіден бетер, заматта дуал боп өсіп келе жатыр еді. Түн асқан сайын мешіт көркейіп барады.

Ханым мәз: мешіт көңіліндегідей, мешіт дегенше, баққа аңсап, шөлдеген жанның құмартқан жыры десен болмай ма! Шебердің өнеріне тамсанбады, үйткені: а құдай, басыма

 

бостандық бер, маңдайымды аш деп, о да жанын салып жатқанын ханым біледі ғой. Шебердің қара торы жүзі кейде кенет құлпынайдай қызғылт тарта қалады, құба талдай майысқан мүсін денесі жын қаққандай қимылдайды, даусы тамағынан емес, кеудесінен шыққан тәрізденеді, қорыққан, дірілдеген, долданған топты құлдарды саусағының ұшымен, қабағының қағысымен құрдай жорғалатып, әмірін орындатады; Бибі ханым оның бәрін де бұя бастырмай көреді, аңдайды, тыңдайды, таң қалады.

Шебер жұмысының буына түскен, шебердің өнеріне, оның сұлу мешітіне құлдар да мастана, әуліге қимылдаған; о түгілі шебердің жалынды көзі түсіп кетсе, жансыз қара тастар да жан біткендей орын-орнына тұра қалған: мұның бәрі де ханымға алақанның аясындағыдай аян.Тас пен балшық бақтың сұлу дуасындай тізілтіп, қатарланып, өсіп бара жатқанын да ханым сезеді.

Алайда ханымның көзі бір нәрсені көрмейді: шебер жүрегінің асау толқынын сездірмеймін деп ханыммен бетпе-бет келгенде қырындап, қаймақ ерні қалтырап кеткенін, абайсызда артынан көз жібергенін, түн баласыңда шатырында төңбекшіп, ұйқы көрмегенін, "дауысым шығып кетпесін" деп, сүйріктей білегін қанатқанша тістегенін ханым көрмейді.

Ертеңгі, кешкі намазда әзәзілдің арбауына түскенін ұмытып, дуа орнына шебердің еріні бір ғана ханымның атын сыбырлағанын ханым естімейді.

Бірақ мешіттің ірге жағы шебер жазылған дуадай, шебер қадаған маржандай тізіліп келе жатып, үстіңгі жағы оқысынан құйқалақтанып, иілген арқалықтар, көлденең бүкпелер, кедір-бұдыр боп бара жатқанын ханым байқай қойды. Байқаған адамға мешіттің үсті мен асты, созылып иамаз оқып тұрған адамның асау пәпсін тыюға әлі келмей, қырдың қорқауындай жан шошырлық ащы дауыстап,

ақырып жібергені іспетті көрінер еді.

Мешіттің өзгеріп бара жатқанын сезген күні сәскеде ханым шеберге қарап наздана езу тартты, үйткені, ханымның көптен ізетпен шөлдеп, құмартқан балдырған денесі құмарлық билеп, делбеше бұраңдап, намазда тұрып, айқайлап жіберіп еді. Үйткені, ханды тезірек қайтара гөр деп, о да тәңірге жалбарынды ғой; шеберге ұсап о да әзәзілдің арбауынан қорықпай, жас жаны махаббат аңсап, зарланды ғой; сондықтан оның тілегі де тәңірінің көкейіне қонғандай күштірек болды.

Шебер менің сырымды ұқты-ау дегендей, кете беріп, оған қарап, тағы бір жымиды.

Шебердің көзі кетіп бара жатқан ханымға түскенде білегін тағы бір қыршып, шатырына сүңгіп кетті.

Со күні кешке шатыр жанындағы жапырылған шөпті жанышқан аттың қатты дүрсілі тағы естілді, үзеңгі күңгір етті, алқынған шабарман шатырға арсалаңдап кіріп келді.

- Он күн өтіп, он бірінші дегенде Ақсақ Темір көреген осында болмақ, – деді.

Қан иісін сезген тағы мысықтай Бибі ханым бұлғаң етіп, дереу шеберді шақыртты.

-     Бітуге қанша қалды? – деп сұрады.

-     Мұнараның төбесі қалды, – деді шебер жерден көзін айырмай.

-     Оны тез бітіресің бе?

-     Тіпті бітірмеймін, – деп, жалынды көзін ханымға қаратып жарқ еткізді.

Ханымның іші сезе қойды, ызбала мырс етті.

-     Ендеше, өлесің.

-     Өлімнен қорықпаймын, жүрегім өзі де өлім аузында.

-     Сені мен азат етемін деп серт қылдым ғой...

-     Маған азаттық ажалдан тәтті емес.

Ханым шебердің от боп жайнаған көзіне тағы бір қарады да, нөкерлеріне сілейт деп бұйырды. Ханым ертеңінде тұрысымен оның шатырына кірді.

Ол жатыр. Қол-аяғында бұралмаған, мертікпеген буын жоқ, сұлқ денесі найзағай соққан бұтақтай бейнеуі кеткен; қамшы сойған арқасы көк ала қойдай, қан талаған, жалғыз-ақ көзі... көзі бұрынғы қалпы; көзіне тесірейе қарады да, ханым тысқа шықты.

Кешкісінде шатырдың босағасында ентіккен ат тағы пысқырды да, Көреген үйде болады, – деп шабарман тағы хабар қылды.

Ханым ым қақты – шеберді тағы алдырды.

- Мешітті неге бітірмейсің?

- Сүйгенімнің сүйгеніне бола мешіт соққым келмейді.

- Сен мені сүйесің бе?

- Оны мешіттің тастары, айдай шағылысқан сырлары айтып тұр, заңғар күмбезден гуілдеген даланың желі жырлап тұр! Бар махаббатымды осы мешітке төккендігімді әр топаны, әр тозаны сөйлеп тұр; әлде сен оларды көрмейсің бе?

- Көремін, ал не тілейсің?

-  Көп емес. Дуылдаған аузымды улы түсті ерніңе бір тигізсең, болады.

Шебер бұл тілегіне:

- Әкет, сой! – деген жауап алды.

Оқ жыландай бұраңдап, безгектей қалтыраған, қобыздың шегіндей тырсылдаған ауыр ойлар ол түні ханымның басын ара шаққандай қылды. Күнін жылдай өткізген ұзақ айлар бойы жалғыздықта жанына жинаған құмарлығын бірге не ханға сақтап, құрамылтқан денесінің әрбір ләззатын, қомағай ернінің әр сүйгенін соған ғана татырам деп жүргенде шебер деген немесі сүйгіз дейді!.. Жоқ, қарағым! Оның жөні не бола қойсын. Оның аты: ханның көзіне шөп салған, өз ырысынан өзі безген болмай ма?

Бірақ мешіт не?.. Оны бітіру керек. Әйтпесе, тәңірінің сілесіне қалып, Темір ханнан жұрдай боп, оған әлдебір әйелді құшақтатқаны да.

- Апырмай, енді не қылу керек?

Кешкісінде тағы шабарман келіп, қалған аз

күннің бірін тағы шегеріп қойды.

Бибі ханым тағы ойға қалды. Мешіт бітпесе, не болмақшы? Ханның махаббатынан, өзінің рақатынан айрылмақшы. Ал шебердің көңілін тапса, оны хан білсе, онда не болмақшы? Ажал да.

Ажалдан бәлен қорыққан жоқ. Ақсақ Темір Көрегіннің ханымы емес пе?! Махаббат қуанышына салыстырғанда өмір соншама қымбат нәрсе емес. Сөйтіп, Бибі ханым:

Шеберді келтір, - деп тағы әмір етті.

- Жүруге жарамайды, - десті.

- Ендеше көтеріп әкеліңдер.

Шеберді кілемге салып, көтеріп әкеліп, ханымның аяқ жағына қойды. Бозарған жүзі одан жаман шөлмектей болып, сызықтары қылдырықтай болып, қазына қалыпты. Көздері бұрынғыдай жайнап тұр.

Ханым күңдерін ымдап шығарып жіберіп:

-  Айтқанына көндім, - деді.

Шебер жымың етіп, әнтек басын көтерді.

Ханым қасына келіп, тізерлей отырып, ернін созды. Шебер еңсеріле ұмтылды, дәл жеме-жемге келгенде, ханым басын әнтек қырындата берген кезде кезерген ыстық ерні ұртына сүлікше жабысып қалды. Ентіге, құшырлана сорып, мауқын басып, кілемге құлап кеткенше ханым тырп еткен жоқ. Ханым орнынан тұрғанда сол сүюден бейне бір шипа тапқандай, күйреген сүйектері әп-сәтте бірігіп, шыққан буындары салынып, жаралары жазылып, шебер де ұшып түре келді.

- Темір ханның келуіне қарсы мешіт дайын болады, - деді де, шебер шығып жөнелді.

Айтқанындай-ақ, хан келерден бір күн бұрын мешіт дайын болды. Көздің жауын алғандай мұнараның шаңқайған ашық сырын көргенде ханым таңданғаны сонша, шаңқ ете жаздап, дауысына әрең деп ие болды. Мұндай сұлу мешітті адамзат қолымен жасай алады дейсіз бе? Шебер сарғая, өзеурей күткен тілегінің бар қуанышын, үмітсіз талабының бар

құмартқан күшін, жан-тілін салғандықтан, мешіт осындай болып шықты ғой; махаббат күші керемет қой.

Неше түрлі қымбат бұл, қалы кілем, асыл тас деймісің, ұзатқан қыздай он түйеге ырғап-жырғап, шеберді бір керуен қылып, ұзаттырды.

Шебер ханымға анадайдан үнсіз тәжім етіп, атына секіріп мініп, керуенін бастап, дөң асып жөнелді.

Ханым артынан қарап тұрды да, мешітіне көзін бір салып, көңілі жай тауып, қатты бір күрсінді.

Бірақ дәл сол кезде ұрты қышып бара жатқанын сезді. Қолдары мұздай боп кетті, жүрегі тыңа қалды. Неден қорыққанын өзі де білмейді. Тұра шатырына жүгіріп, күміс айнаны жұлып алды. Түрін көрер-көрместе айна қолынан түсін кетті. Масқара! Үлбіреген ақ құба ұртыңда шебердің жұп-жұқа ернінен қалған таңба тайға басқандай, баданадай боп, баттиып тұр.

Ханым ұлы сәскеге дейін шатырында міз бақпастан сілейіп жатты. Бүгінгі түні хан болат білегімен бауырына қыспайды, құрамытқан, құмартқан денесінің сусынын қандырмайды, апарып өлтіріңдер деп әмір қылады да, қайтып есіне де алмайды деген ой миын толассыз улады.

Ханым ханға бетін көрсетпеу керек, тым болмаса, бүгінгі түні жасыру керек. Енді қайтпек?

Неге болса да басын байлады. Мұндайда махаббат пердесін жанымен жаны ашығансып, аңдып жүретін әзезіл сайтан айла тауып бере қойды.

Ханым бетіне пәренжі салды; өз қылмысын білдірмеу үшін, әйел біткен бетіне перде киіп жүрсін, бетін көрсетіп, еркекті қызықтырып, аздырмасын, үйткені, еркектің ойы дейім қасиетті, зор жұмысқа бөліну керек деп жарлық шашты.

Орданың одыраң әскері қиқуды салып,

бөріктерін аспанға атып, садақпен көздеп, арынды аттары ауыздықпен алысып, Самарқанға саусылдап кіріп келгенде, шатырларының алдында бетіне қара салған, сымбатты бөтен әйелдер ұшырады.

Бірақ қан жұтып, шаң жұтып, соғыстан аң болып, әйелдің жылы қойнын аңсап қайтқан әскер тыңдасың ба, киімдерін пәренжісімен қабат сыпырып алып, тер сіңген кежімнің, кілемнің, олжа салған қоржындардың үстіне жалаңаш әйелдерді алды да ұрды, алды да ұрды.

Олардың ішіндегі ең күштісі де, ең тағысы да Темір ғой. Ол мешітке көзін салған жоқ, шатырға ентелей кіріп келді, Бибі ханымның бұраң белін таң атқанша алып білегімен айқастыра қысып, бос тұрған сұлу сауыттай-ақ құмарлықтың қатты ашыған, ыстық сусынын толғанша құя берді.

Түні бойы, таң атқанша, мана жаққан сөнген оттан аулақ шатырдың көлеңкесінде, айдың

 

сәулесінде құшырланған тістерден, еркектердің ентіккен демінен, әйелдердің мыңқылдаған, сыңқылдаған ыстық дауысынан құмарлықтың толқынды жыры жасалды. Тек анда-санда жерде от басында аунақшып, терең сырлы күншығысындай, ескі, ащы темекінің түтініне булығып, уына елтіп, демігіп отырған қарау-қарау шылымшылардың көлеңкесі қарауытады. Олар жөтеледі, қырылдайды, бірінен соң бірі жан шошырлық, мәнсіз, мас дауыспен сақылдап тұрып күледі. Олардың күлкісіне дала қарсақтарының ішін тартып ұлыған дауысы ән қосады.

Таңертең ше?.. Таңертең Бнбі ханымның жағасы жайлау, төбесі қыстау, езуі бір жиылған жоқ; жазаласа да, хан бәрін біліп қойып, ұстап әкелген арабпен екеуін қосақтаңдар деп, әмір қылғанда да езуін жимады. Екеуін биік мұнараның басына алып шыққанда, өлер алдында бір сүймек болған шебердің отты ернінен басын бұлқынғанда да..........

 

"Пәренжі" ертегісінің толық нұсқасын сақтау
 
Асыл сөздер
imageimageimageimageimageimage
Кітаптары
Театр