- Он күн өтіп, он бірінші дегенде Ақсақ Темір көреген осында болмақ, – деді.
Қан иісін сезген тағы мысықтай Бибі ханым бұлғаң етіп, дереу шеберді шақыртты.
- Бітуге қанша қалды? – деп сұрады.
- Мұнараның төбесі қалды, – деді шебер жерден көзін айырмай.
- Оны тез бітіресің бе?
- Тіпті бітірмеймін, – деп, жалынды көзін ханымға қаратып жарқ еткізді.
Ханымның іші сезе қойды, ызбала мырс етті.
- Ендеше, өлесің.
- Өлімнен қорықпаймын, жүрегім өзі де өлім аузында.
- Сені мен азат етемін деп серт қылдым ғой...
- Маған азаттық ажалдан тәтті емес.
Ханым шебердің от боп жайнаған көзіне тағы бір қарады да, нөкерлеріне сілейт деп бұйырды. Ханым ертеңінде тұрысымен оның шатырына кірді.