Іздеу

КҮНІКЕЙ ҒОЙ БҰ ЖАТҚАН

Жаялықша жалпиған, жарқанатша қалқиған, жермен-жексен шым қора, бейнеуі жоқ сұм қора. Шым қорада - жер үйде, желпіндірмес кор үйде, арса-арса болып сүйегі, қалақтай болып иегі, жаңқадай жоқ жақ еттен, саусақтары шілбиіп, көлеңкедей кілбиіп, бұ жатқан қай аруақ?

Әлсін-әлсін демігіп, тық-тық еткен жөтелі өңменіңнен өткендей, алма еріні кезеріп Бетпақ кезіп кеткендей, кимешегі қолқылдап қуыршаққа тіккендей, сатпақ-сатпақ жастығы жастық емес кетпендей, сар төсек боп сарғайып - бұ жатқаның қай әйел?

Білмесеңіз айтайын - Күнікей ғой бұ жатқан. Күзден жатқан Күнікей - жазға жетті ілініп: күндері ғой, жан шіркін, үзілмейтін созылып.
Көктем күні күледі, күліп еді - жер түледі.

Түлегені емес пе ақ кебінін сыпырып, көк торғынға бөленді. Қызыл-жасыл, ақ-көкшіл бейне кілем түріндей, гүлдер гүл-гүл жанады,

күлкілдеген гүл-жапырақ, сағымданған күлім бел терезеден көз салса, Күнікейдің көңіліне жазылмас жара салады.

Аһ, дариға, дариға! Күнікей сау боп жүрер ме еді! Қырдан тезек терер ме еді! Қырдан қия кезер ме еді! Шырқап әнге салар ма еді! Әнге салса, ол бітіп, қапқа қары талар ма еді!..

Жалғыз әйнек жаман үй, төсеніші - жалаң ши. Жаман шидің төр жағы - ала сырмақ текемет, текеметте - Күнікей, жалғыз әйнек түбінде. Алты көзден үшеу жоқ, лақтар ойнап сындырған. Қалғаны аман қалсын деп, әйнекті жүдә жұлдырған. Күн жылыда не керек? Бала-шаға, қозы-лақ жол қып алды әйнекті. Лақ ойнақтап көрпеге, жығып кетеді шәйнекті. Шәйнекте шалап сусын бар, шалабын қорғап Күнікей айтып қояды: "Шай"!- деп те. Ойнақтаған құлдыр лақ - шай дегенді біле ме? Лақ қарғыса әйнектен, запы болған Күнікей, қолын созады шәйнекке. Күнікейдің серігі - әйнектен ескен жел болады.

Күнікей жалғыз жатқанда, қозы-лақ пен қарлығаш - бейне бір дүйім ел болады. Ауыл-үйден Күнікейге келушілер кем болады. Қашан жатқан Күнікей? Қашан өлген Күнікей? Қашанғы көңілін сұрарсың? Соған қарап отыр ма? Шаруасы бар әркімнің.

Оқта-текте Күнікейге бір айналып, кіші үйдегі Айдарлым келеді.

- Айдарлым-ау, жап-жас боп аяуды қайдан білесің? Мүшелге жаңа жеттің ғой... Айналайын өзіңнен! Сусының бар ма, апатай?.. Қалайсың деген сөзіңнен!..

Сен болмасаң, қарағым!..- деп қояды Күнікей, деміге сөйлеп ентігіп. , Айдарлым кетсе, Күнікей жалғыз жатады күркілдеп:- Уһ... алла-ай!..- деп күңкілдеп.

Күнікейдің серігі - әйнектен ескен жел болады. Күнікей жалғыз жатқанда қос қарлығаш ел болады.

Түйірлеп тасып топырақ, қыл-қыбыр, шөп-шар, жанырақ, біріне-бірі жапсырып,

қос қарлығаш қалбаңдап, ұя орнатты дөңбекке: балалап, өсіп-еңбекке. Жалығу жоқ шіркінде: жаралғандай еңбекке. Күнікей жатыр бақылап, қарлығаштың өнерін жатқандай-ақ көрмекке.

Қарлығашта дамыл жоқ: есі-дерті ұясы, бірі кетсе, бірі кеп, ақ қанаты дірілдеп, қос құйрығын қалақ қып, құртымтай боп құнтиып, бұғып қана қылтиып ұясына жатады.

Зайыбы ұя басқанда, байы жүреді бәйек боп: әлсін-әлсін келгіштеп, жарының жайын білгіштеп.

Қарлығаш екеш қарлығаш бір-біріне қайырылғыш, бірін-бірі сыйлағыш. Адамзатқа не болды? Күнікейден безгендей, Күнікей мәңгі өлгендей, суық топырақ көмгендей, Айдарлымнан өзгесі шетінен түге ұмытып.

Баласы қайда Күнікейдің "апалап" бір уақ келетін? Жұбайы қайда Күнікейдің, қияметтік жолдасы? Күнікей бүйтіп жатқанда, жастық қойып басына, қолынан сусын беретін?

Ауылы қайда Күнікейдің, келіп-кетіп жүретін?

Жалғыз перзент демесең, аулы да бар он шақты үй, байы да бар соқталдай, бауыры да бар байының - немерелес әмеңгер. Күнікей сауда үйінен, үйірімен шықпайтын, өңшең қортық кеген кез. Бар болса, олар қайда жүр, бірі басын көрсетпей? Ауылды қойшы, ауыл ғой, жайшылықта бауыр ғой. Байы қайда Күнікейдің? Қосағы бүйтіп жатқанда, қолының ұшын бір бермей, жанына жақын бір келмей?

Келмек тұрып сұнқа адым, шұлық жамап қаңғып жүр, қатқан бар деп қай үйде - көкше түтін аңдып жүр, жамауменен жан сақтап, қара басын қамдап жүр. Қамдағаны құрысын! Күнікейдін көзі тіріде бір қатынмен сөз байлап, алуға соны оңтайлап, төртті-бесті қараның бір-екеуін беруге, бүгін-ертең қам қып жүр. Күнікейдің көзі төрт, көкірегі жанған өрт. Бәрінен де жанына Батып жаткан осы дерт. Ауыл-аймақ, абысын, не жақыны-алысы, не тамыры-танысы, не алған серігі, жеті жылғы

жолдасы - бәрі бірдей безгендей, Күнікей сонша не жазды? Не жазғанын бейбақтың мен айтайын, жігіттер, құлағыңды сала бер, көкейіңе ұнаса, мәнісіне қана бер.

 

ОЛ КҮНДЕ

Ол күнде Күнікейдің бала кезі, сүю мен жек көруден таза кезі. Сонда да:

Мені сүйген жігітте не арман бар? Айтып тұрған секілді отты көзі. Күнікейдің әкесі Құлтума-ды. Құлтума құл боп туды, ұл тумады. Құл туғанын сонан біл: Ордабайдың өмірі қойын бағып қолтаулады. Шешесі Күнікейдің ІІІекер еді, өзі де Шекер десе шекер еді, Құлтуманы "Шекердің байы" деуші еді, Шекерді "катыны" деу бекер еді. Өйткені:

Ак жаулык, кылаң ұрған. кылаң Шекер, Етегі аяк басса, бұлаң етер. Мықынын қысып қалсақ:- Ой қағынды! Қойшы!- деп еркеленер, бұраң етер. Ордабайдың ауылы - өңшең боз бас, Қолы бос, делебесі неге қозбас?

 

 

Қызды ауылды торудан торықса да, Немесе оңайына обықса да, Шекерден айналып кеп әйел озбас! Күнікейдің ағасы бар: Жұматай таз. Тамақ беріп жұмсаса, ол соған мәз. Көп бала бұралқы итше түйе бас қып, Желін кап тақиясын алып кашып: "Тазым, тазым. таққан таз, Тазды құдай қаққан таз, Бес ешкісін баққан таз. Үй айнала кашқан таз, Туырлыққа тышкан таз... Әуескі, жынды көкек, коңыр ала қаз..."- деп ажуалап, ыза қылушы еді.

Әкесі қойшы Құлтума, ағасы Жұматай таз, "қоңыр ала қаз, алпыс үйрек, бір тырна, жата қалып жер тырна" болса да, Күнікей Құлагердің баласындай үздік туып, он үшке жетер-жетпесте бозбаланың көзін тартып, баласынбай "сөз айтуға" жарап қап еді. Қыз-бозбала жиылып сауық құрғанда, орамалдың бетін Күнікейге бұрғанда: Қолыңның айналайын саласынан! Көзіңнің көңіл қояр карасынан. Сүйрік боп жалғыз өзі кайдан шыққан Қамыс пен кара өлеңнің

арасынан?- деп, бозбала көзді бір қадап қоюшы еді.

Қадаса да сұмдықты ерте сезгіш, жырынды Шекер қызына қарлығаштай шыжбақ боп, жүрсе-тұрса көзінен таса қылмай, тұтқындағы жаннан бетер бағушы еді. Бірақ Шекер шеше болам деп бекер арам тер болды. Баланы іспен емес, сөзбен, үлгімен емес, ақылмен үйретпекші адам сорлы ғой. Шекер өзіне "құдайжұқтырмағанды" қызына оқыды. Қызы көргенін тоқыды. "Бозбаламен өзі неге ойнайды?" деген сұрау Күнікейдің ойына ерте бекілді. Он төртке аяқ басқан соң-ақ көзі жанып тұрған Күнікей апасынан құрық әкетті.

- Жә, жә, өзім де білем, бала емеспін ғой...- деп, бұрымын арқасына бір ыршытып, етегіне айнала бір қарап, шығып кететін күйге ұшырады. Күнікейдің ерлігіне апасы өңін бұзғанмен, көмейі бос: өзіне тартқанын, бозбаланың көз салғанын бір есептен теріс те көрмейді. Қай есептен екенін кім білсін,

ананың мақтанышы да. Күнікей оны сезеді.

Апасы жылтырағанды Күнікейдің үстіне жапсырады, шашын жылтыратып тарайды, өреді, омырауын қызыл, жасыл жіппен кестелейді, тана моншақты қамзолына тағады, уақ күмістен сылдырмақай шашбау да істейді. Құлтуманың тыққыштап әкелген пұшпақ жабағысына бақалшыдан айна, тарақ, жұпар сабын, шаш майын әперді.

- Эһ! Кімнің қызынан кем?

Баласын оннан асқан соң-ақ Шекер теңіне атастыруды ойлаған. Бірақ әркімдер-ақ ауызға алса да, бірінің жетесін, бірінің қабын, бірінің сабын, бірінің малын, бірінің мұрнын, бірінің кеңірдек сақалын жаратпай, Шекер аяғына отырғызбаған.

- Қойшының қызы деп кемсінеді ғой. Адырам! Қанның қызына берем бе екен!- деп қоятын.

Өйткені өзін қойшының қатынымын деп Шекер өмірі ойлаған емес қой. Қойшы - тек қол

байлау, құдай бұйрығы. Анығында Шекер өзін ана мырзалардың қатынымын деп есептейтін.

Шекер "Сырдың суын шұлығынан келтірмей" жүрсе де, енді ойланбасқа болмады. Күнікей 14-ке келіп қалды. Енді Күнікей небір қыздарды да отыртып кетеді. Сөйлесе - түбін түсіреді, оң қолынан өнері төгіледі, күлсе - аузынан дүр шашылады. Ән шырқаса - сүйегіңді шымырлатады. Шекердің өзі соққан еді ғой ана кезде. Сөйткен қызға сенім бар ма? Кім біледі...

Сөйтіп жүргенде Ордабайдікінде Тұяқ дейтін етікші жатты. "Кебіске Шегебайдан да бұл өткін екен: өкшені бес-ақ шегемен тұрғызады... Асауға құрық салса, тырп етер емес, әкше сіріні тастай ғып, әшекейлеп тастайды. Тақаны қылмита мінеуге келгенде, жер жүзінде бұдан етікші өтпес..." деп, қымызға жиылған құла ауыздардың ауыз суы құртып жүрді.

Шекер Ордабайдікіне қымызға барғанда,

ана жақта, жүктің бұрышында: "Пүп-пүп!" деп, былғарыға су бүркіп, тықылдатып, құжыраңдап жатқан мойны ішіне кірген бір жаманды көруші еді. Оны кісі екен деп артық көз тоқтатпаушы еді. Жұрттың жер-суға түсірмей жатқанын естіген соң, Шекер де тігінін көргелі:

- Былай тұршы, біз де көрейік,- деп, етікшінің пышағын, бізін, балғасын, кемпірауызын ұстап, қаумалап жатқан еркектерді кимелеп, біреуінің қолынан кебісті жұлып алып қарады. Байдың кебісі екен, олай-бұлай аударып көрді де, шүйкесінің қылшығын бір тістеп алып: "Теріс емес" деп, 10 ерніне жабысқан жүнді түкіріп тастады. Сонымен кете барды. Қайтып оның ісіне ІІІекер көз салған жоқ.

Бір күні кешке таман Күнікей Ордабай үйі жағына барып келіп:

- Апа, сен Шәмшидің кебісін көрген жоқсың ғой. Бір түрлі сұлу бопты!- деді.

- Ә, қойшы, несі бар дейсің!.. Қандай екен?- дегенде, Күнікей қолымен, ернімен,

қасы-көзімен көрсетіп, өзінше өте әдемілеп суреттеді.

Байсалды кісімсіп, Күнікейге: "Көрсе қызарсың-ау" деп отырса да, аздан соң өзінің де әуесқойлығы ұстап, бір жұмысқа барған кісі боп Шекер байдікіне жөнелді. Келсе, сыңар кебісі Шәмшидің алдында - қолсандығында қаздиып тұр екен. Шекер жанына барып, кебісті алып айналдырып қарады, көбінесе өкше жағына көз салды. Жарма көттік қылып, қызыл-жасыл шарың жіппен иттіс шалып, сірісін қошқар мүйіздеп қойып, тақасын шоңқита қаза мінеп тастаған екен. Кебіс жұтынып тұр. Шекер керіп-керіп, демін бір-ақ шығарды: кебіске қызығып, күншілдігі қозып кетті.

- Күнікейге мен де осындай бір кебіс тіккізіп берейінші,- деді.

- Тіккізсең, шамаң келеді ғой!- деп: "Саған арам болар" деген кісіше, Шәмши қасын керіп, төменгі ернін бұлтың өткізді.

- Несі бар, "Ердің құны, нардың пұлы" деймісің?- деп Шекердің де жыны ұстап, бастырмалатып шығып кетті.

Шекер келе сала жаман әбдіресін бүйі тигендей астан-кестен ақтарып, "төрт қой, төрт киімнің" біреуін суырып алды. Ол Құлтуманың байдікінен алған бас ұлтаны еді. Кебістің сайманы онымен түгенделе ме? Шекер ауылды қыдырып жүріп, көттік тақа, сірі, ішпек тәрізді жабдығын тауып алды. Шарық жіп бақалшыдан - тарамыс өз үйінен шықты. Барды да Тұяққа сөйлесті. Ордабайдың етіктерін бітірген соң, Тұяқ Күнікейге кебіс тікпекші болды.

Он шақты күннен кейін Шекер Тұяқты төрінің алдына отырғызып, өзі - тарамыс, Күнікейге шарық жіп ширатқызып:

- Қарағым, оңдап тік! Бар өнеріңді сал. Шәмшидің кебісінен асырмасаң, кем қылма...- деп тақымдап, қайрап, қадағалап отыр.

Қиядағыны көретін Шекердің қырағы көз

құйрығы құтқарсын ба, Тұяқтың жаман қарасын сезген соң, жатарда төсек-орын жоқтығын сылтауратып, байдың қонақ үйіне жіберіп жүрді. Әйтсе де көңіліне келіп қала ма деп, күндіз кебіс тігіп отырғанда Тұяқтың үй ішін, малын, ауыл-аймағын сұрап, әлі күнге қалындық айттырмай жүргенін де сөз қылып:

- Жігіт адамға қыз табылмаушы ма еді...- деп көңілдендіріп, есек дәмелі қылып қояды. Күнікей жоқта өзінің де жайы-күйін сөйлеп, осы бір-екі күшік болмаса, жаман қойшыға әлдеқашан тұрмайтынын, Күнікейін жыламайтын теңіне қоскысы келетінін білдіріп, ара-арасында:

- Ерегестіргенде Шәмшидікінен асырып жіберші. Тағаң жетсе, өкшесін оныкінен пышақ сыртындай болса да артық сал. Әйтеуір өнеріңді аяма, қарағым!- деп бір ескертіп өтеді.

- Бар өнер болса, сізден несін аяйық,- деп, Тұяқ ыржиған болады.

- Иә, сөйт, қарағым!.. Мен де бір керегіңе жарармын... Тіпті таныс боп қояйық. Біздікіне келіп-кетіп жүрсейші. Байдікіндей ет-қымызымыз болмаса да, айран, шалабы-мыз, ықыласымыз болады ғой...- деп жылы сөздің де шетін сездіріп, бір-екі сиырдың ірімшігі мен қаймағын, қатығын аузына тосады.

- Ет, қымыз үнемі бола бере ме... Біз енді не қылып, атқа мініп, нетіп жүрген кісі емес... Бәрінен де адамның несі керек...- дегенде Шекер тартып отырған тарамысын тісіне қыстырып, әнтек қоя тұрып, құйқылжыған көзінің құйрығымен сұмдана қарап жымияды. Оны көріп Тұяқ та жымияды, балғасын қаттырақ сермеп, тізесін қимылдатып, қутыңдап қояды.

Не керек, Тұяқ бар өнерін кебіске салды, аянған жоқ. Шекердің де бұл кебістен аяғанын ит жесе болмай ма. Кебіс Шәмшидікінен аспаса, кем болмады. Тұяқ жарытып ақы

алған жоқ, тек ықыласына ырза болды. Тұяқ ауылына қайтарда Шекердікіне келіп, дәм ауыз тиіп, қош айтысты. Шекер қызымен тысқа шығып аттандырып:

- Келіп-кетіп жүр... Көрген жерде ауыл бар... Етігіміз болса саған тіктірейік,- дегенде:

- Е, нетсек, келмей енді...- деп Күнікей екеуіне кезек қарап, Тұяқ жүріп кетті. Тұяқ кеткеннен кейін етік жайынан сөз қозғалса, Шекер Тұяқты аузынан түсірмей:

- Шегебай қайда?! Оныкі Тұяқтың бір шанышқанына да тұрмайды,- деп мақтап жүретін болды.

Сөйтіп жүріп Тұяқ Күнікейді айттырды. Тұяқ - 6-7 қаралы кедейдің баласы. Мұрны кертеш, иегі кемиек бет-аузы құдды шөміш, мойны ішіне кірген. Бейнесіз-ақ жігіт. Сонда да Шекердің қолайына жақты. Шекердің айтуынша мұрнының да "дәнеңесі жоқ", қолы да "епсек", өзі де оны-мұныға "епті", мойны да "сұңғақ", өңі де "ақ құба" жігіт боп шықты.

 

"Күнікейдің жазығы" повесінің толық нұсқасын сақтау
 
Асыл сөздер
imageimageimageimageimageimage
Кітаптары
Театр