Іздеу

ШЕРНИЯЗ

Шерниязды шері бар,

Шерлі қалған елі бар,

Көзінде қанды селі бар,

Аузында зарлы желі бар,

Ел ниязы – Шернияз.

Қараңғы қазақ көгіне

Өрмелеп шығып күн болам

Қараңғылықтың кегіне,

Күн болмағанда кім болам?! –

деп өрттей заулап келе жатқанда, ажал оғына тап болып, арманына жете алмай, жастай кеткен арқаның арқар жанды, асқар жүректі, аяулы ақыны Сұлтанмахмұт Торайғырұлының аруағына арнаймын.

К і с і л е р і

Шернияз - оқыған жігіт, жасы 26-да

Р а у ш а н - қырдың қызы, Шернияздың әуелгі қатыны, жасы 17-де

Ж ә м и л а - оқыған қыз, Шернияздың екініші қатыны, жасы 21-де

 

 

Р ә з и я - даяршы қатын, 25-те

Базарбай - оқыған жігіт, жасы 25-те

Алшағыр - қыр қазағы, Шернияздың ағасы, 40-та

Қордабай - Раушанның әкесі, 60-та

Жаңылтай - келіншек, 22-де

I  с а х н а

Алыста тау, етегінде ауыл, ауыл сырты бұталы бұлак, Жарық айлы жаздың түні.

ШЕРНИЯЗ бен БАЗАРБАЙ

Ш е р н и я з (қамшылы қолымен көкті нұсқап).

Міне, жұмақ!

Базарбай (артын ала бұлақты нұсқап).

Әне, бұлақ!

Ш е р н и я з (шапанын төсеп, отырып).

Мынау қырдың қасында

Қала бір бейне тамұқ қой!

Базарбай (отырып).

Жазғы әуесі демесең,

Қалаға, жаным, не жетсін.

Ш е р н и я з. Ой, тәңірі-ай!

 

Орыс болған екенсің ғой.

Б а з а р б ай (мырс етіп).

Па, шіркін-ай!

Көрермін әлі.

Қаладан безгеніңді.

Ш е р н и я з. Сен, сірә, елді

Сағынасың ба?

Базарбай. Сағынам.

Ш е р н и я з. Несін сағынасың?

Базарбай. Несін деймісің?

Таза ауесін,

Ет, қымызын сағынам.

Ш е р н и я з. Одан басқа?

Базарбай (ойланып).

Тағы несі бар еді?

Уа, һа!

Қызын сағынам!

Ш е р н и я з. Міне, сенің тап орыс болғандығың,

Қазақтың кең сахара даласына,

Даланың судай тұнық ауасына,

 

Біз түгілі, келеді орыстар да,

Қызығып қымызы мен мол асына.

Б а з а р б а й. Ал енді өзің несін сағынасың?

Ш е р н и я з. (омырауын ағытып, сыбанып,серпіп). Мен бе?

Мынау тұрған көк күмбездей көк шатыр,

Жымыңдаған меруерттей көп жұлдыз,

Сар табақтай жарқыраған сұлу ай!

Анау жатқан ұлан байтақ кең дала,

Саңғыраған салауатты сандал тау.

Бұта сайын бұлбұл кұсы сайраған,

Жұпар иіс жасыл гүлі жайнаған,

Осы отырған миуа талды сай бұлақ,

Осыларды қалай көрмей, шыдарсың!

Б а з а р б а й. Сен бұл жерде ақындықты ақтадың,

Осылар ед менің-дағы айтпағым.

Ш е р н и я з (Базарбайды түртіп). Әне. тыңда!

(Қой күзеткен баланың әні естіледі.)

Қалай сыңғырлаған күміс, не болат!

Неткен таза, неткен тәтті, неткен жат.

Тау, сай, дала - бәрі үн қосып сыңғырлайт!

Б а з а р б а й (тыңдап).

Рас, мынау нағыз әнші бала екен. (Тыңдасады.)

Қала әншісі он есе артық болса да,

Мұның әні жағып кетті-ау кұлаққа.

Ш е р н и я з (тыңдап). Тоқта, тоқта! (Тыңдайды, дауыс басылады).

Құлағыма майдай жағып барады,

Бойым балқып, жаным сая табады.

Базарбай. Орыстың қай ақыны еді,

Туған жерін жырлаған?

Ш е р н и я з (әндетеді).

Бұл жарыққа аяқ басып туған жер,

Кіндік кесіп, кірім сенде жуған жер.

Жастық алтын, қайтып келмес күнімде,

Ойын ойнап, шыбын-шіркей қуған жер! Жаратылдым топырағыңнан сеп түбім,

Жалғаны жоқ, бәрі сенде жан-тәнім.

Сенен басқа жерде маған қараңғы,

Жарық болар, Шолпан, Айым - сен Күнім...

(Аяқ кезінде қаттырақ көтереді.)

Базарбай (түртіп қалады). Әй, акырын!

Ш е р н и я з (шошып).

Не көрінді, япырым!

Базарбай. Ауыл жақын, қатты айғайың естілед.

Ш е р н и я з. Менен гөрі сен болдың-ау естірек...

Ауыл деген естен шығып кетіпті...

Шіркін, қырдың ән-күй, сауық-сайраны,

Еркіндікті, ерлікті еске салғаны!

Базарбай. Серке тартқан көкбарды мен ұнатам.

Ш е р н и я з. Күрес, жарыс, алтыбакан, ақ сүйек,

Соқыр теке, қара құлақ, әйгөлек,

Айт пен тойда қыз қуатын қызығы.

Шілдахана, қынаменде - бір бөлек.

Неше түрлі ойындарды істеуші ек,

Қыз-бозбала отырысып дөнгелек.

Базарбай. Талай қызық сонда болады екен ғой:

 

Беттен сүю, қол жүгірту не керек!

Қаладағы ноғай қыздарын әкеп,

Сол ойында ортаға алса не дер ед?

Ш е р н и я з. Ноғай қызы сүйісуге тым құмар, Сүймек тұрсын, ерініңді жеп қояр.

Базарбай. Уай, сен байкадың ба?

Ш е р н и я з Неменені?

Базарбай. Тәлімсіген талай ноғай әйелі,

Театрда бітіред екен шаруаны.

Ш е р н и я з. Ондай жұмыс тұрмыстан туады ғой!

Не пәле ұялғаннан шығады ғой...

Неғұрлым бір нәрсені қымтай берсе,

Соғұрлым көңілің соған ауады ғой.

Қазақтың карап тұрсаң әдет-ғұрпын.

Мінез жоқ адамында қылтың-қылтың.

Сүйсе де, жек көрсе де, ашып айтад,

Боялып бұзбайды әйел мінез-құлқын.

Базарбай. Сеніңше бар жақсының бәрі кырда,

Қалада қасиетті нәрсе жоқ па?

Ш е р н и я з. Қаланың театры, музыкасы,

Әйелдің көлгірсіген қылмыңдасы,

Көңіліме кейде менің мұң салады:

Бәрі алдау, бәрі сауда, қадам басы.

Базарбай. Қаланың музыкасы, бұраң белі, Билесең, бұраңдатып бұрар сені.

Қызбайтын сол думанға қандай жүрек?!

Қызықтың сол емес пе тұрар жері!

Ш е р н и я з. Сол айтқан қызығыңа бармас едім,

Көзімді бұраң белге салмас едім.

Соның бәрін қырдағы қара көздің,

Жаудырап бір қарасына алмас едім.

Базарбай.Пай, пай, пай! Сонша әулие қылатұғын,

Қыр қызының сонша артық несі бар еді?

(күледі.)

Ш е р н и я з. Күлме. Көздің мәнісін сен білмейсің?!

Базарбай. Не ғып білмейік?!

Ш е р н и я з. Білсең айтшы!

Базарбай. Жақсы көз беп-белгілі несін айтам?

 

Ш е р н и я з. Құр белгілі десең де, Көз бағасын білмейсің?

Шіркін, бір қара көз болад:

Қарап қалса көзіңе,

Жұмақ лебі енеді.

Бойыңды бір бу жеңеді;

Тұңғиық терең сыры бар.

Бейне бір гауһар нұры бар...

Дәриға, сондай есіл көз,

Жаманға кез келеді.

Енді бірі бота көз,

Айнаны көр де, оны көр.

Бейне бір моншақ, мөп-мөлдір,

Барлық ойы, жүрегі

Көзінде оның сайрап тұр.

«Айналайын көзіңнен,

Жаутаңдаған!» дегізіп,

Жаныңды билеп, жайнап тұр.

Базарбай. Қиялға кеткен екенсің,

Қайырын берсін, шырағым!

Көздеріңді сорттай бер!

 

Өзіме бір-ақ көз жақсы

Ш е р н и я з. Қандай көз?

Базарбай. Өзімді менің кім сүйсе,

Соның көзі жақсы көз.

Ш е р н и я з. Сүймейтін сенің кызың жоқ,

Бәрінің көзі жақсы ма?!

Базарбай. Әрине, жақсы. Біз көзді

Мадақтап әуре болмаймыз,

Не де болса бір деңе,

Таматын жағын ойлаймыз.

Ш е р н и я з. (жантая кетіп). Рас, енді солайсың... (Аз тым-тырыс)

Базарбай. Өй!

Ш е р н и я з. (басын көтеріп алып). Немене? Базарбай. Көзді мақтап отырмыз,

Әлгі өз қызың қайда жүр?

Ш е р н и я з. Ауыл жатқан жоқ шығар.

Базарбай. Осы қызды шын алғалы жүрсің бе?!

Ш е р н и я з. Несі бар?

Базарбай. Отызға келмей қатын алып не керек?...

 

 

"Шернияз" пьесасының толық нұсқасын сақтау
 
Асыл сөздер
imageimageimageimageimageimage
Кітаптары
Театр